1870 жылда, өзім университет деген үлкен школда оқып жүрген жігіт күнімде, әр жеті сайын Версаль қаласындағы шешеме жаяу барып-қайтып тұрушы едім. Сонда әрдайым жолымда бір Антон деген тіленші отырып, қайыр сұрап алып жүруші еді. Бір күні тағы сол жолмен келе жатып, бір орта бойлы арықтау кісіге ұшырасып, жолымыз бір болған соң, бірге келе жатқанымызда, әдеттегіше манағы Антон алдымыздан шығып, қайыр сұрады. Қасымдағы кісі тоқтап, Антонның бетіне қарап тұрды да айтты:
- Сен қарауға еп-есті кісі секілді көрінесің және жұмыс істеуге қуатың да бардай көрінеді, сөйте тұрып мұндай жаман іспен өзіңді кемшілікке салып жүрсің. Бай болғың келсе, мен саған ақыл айтайын: мен өзім де сендей кедей едім, бірақ сендей тіленшілік қылғаным жоқ; елден, қала-қаладан қыдырып жүріп, әуелі боқтық арасынан, не болмаса жай кісілерден ескі шүберек сұрап жиып жүрдім. Ол шүберектерді апарып қағаз істейтін фабрикаларға сатып, онымен азды-көпті ақша болған соң, бір есек, бір арба алдым, мұнан соң әуелі аздап, бара-бара көбірек әр үйден ескі-құсқы, тұтынуға жарамайтын шүберектерді сатып алып, арбамен жүріп сауда ете бастадым. Осындай іспен жеті жылда он мың франк ақша тауып, енді бір қағаз фабрикасына кірістім.
Жасым жас, ісіме нық, жинақы және еріншектікті білмегеннен соң, осы күнде екі фабрикам бар. Фабрикамды балама бердім, балам да аштық көре қалмас деген үмітім бар. Себебі баламды да жасынан бос жүруге, еріншектікке, қиналмай мал табуға үйретпедім. Осы айтқанымды орындап, машықтанудан қашпасаң, сен де бай боласың, Антон, - деді де, жөніне жүріп кетті.
Антон бұл сөздерді есіткен соң, терең ойға қалып, қайыр сұрауын да ұмытып, тұрып қалды.
1895 жылы Брюсель деген қаладан өтіп бара жатып, бір кітап сататын үлкен дүкенге кірдім. Дүкеннің ішінде бірнеше приказчиктерге олай-бұлай етіңіз деп бұйырып тұрған бір көпестің кескіні көңіліме таныс реуішті көрінді. Сөйтіп тұрғанымда әлгі кісі мені көріп, бетіме қарап тұрды да, касыма келді.
- Айып етпесеңіз, мұнан жиырма бес жыл бұрын сіз оқу оқып жүріп, жұма сайын Версальдағы үйіңізге барып жүрген жеріңіз бар ма еді? - деді. Сонда ойыма түсіп таң қалып:
- Сен Антонбысың? - дедім.
- Иә, - деді ол. - Мен сондағы көрген тіленші Антоныңыздың өзімін. Сол жүргеніңіздегі бірге келген, қасыңызда бірге жолыққан кісінің айтқандары көңіліме жағып, тіленшілікті тастап, жұмысқа кірістім. Ісіме нық, малыма күтімді болдым, ақырында сол кісінің айтқанымен жүріп, міне, осы үлкен дүкеннің иесі болдым, - деді.
1. Бейтаныс адамның ақылынан кейінгі сәттегі Антонның әрекеті