Пайдалы кеңестер

Жалқаулықты қалай жеңемін?

«Ештеңе істегім келмейді» деген нәрсе сізде бола ма? Шынымен де, ештеңе істемей жүре аласыз ба?

Мысалы, ештеңе істегім келмейді деген сөз, демек ештеңе істеуге күшім жоқ деген сөз. Егер жұмыс істегіңіз келмесе, сабақ оқығыңыз келмесе, онда күшіңіз жоқ деп ойлайсыз. Бірақ телефонды қосып, диванға жатқыңыз келсе, телевизорды қосып, сериал көргіңіз келсе, компьютерді қосып, ойын ойнағыңыз келсе, онда күшіңіз бар деген сөз.

Бізді алдауыңыз мүмкін, бірақ өзіңізді алдап не ұтасыз? Егер ештеңе істегіңіз келмесе, ештеңе істемей отырыңыз. Тапжылмаңыз. Қанша уақыт шыдайды екенсіз, көрейік. Ары кетсе жарты сағат шыдарсыз. Сосын кітап алып, сабақ оқуға қалауыңыз ашылады.

Енді басқа мәселе бар: кейде істеп жатқан шаруаны соңына дейін бітіруге күшіміз жетпей қалады. Сосын оны кейінге қалдырамыз. Кейінге қалдырылған шаруалар көбейіп кетеді. Кейде бөлмеге сыймай жатады. Көп болған сайын есігін ашуға қорқамыз. Көп – қорқытады, терең – батырады. Ондайда не істеу керек?

2 минут тәсілін қолданыңыз

Орындау 2 минуттан аспайтын істерді бірден істеп тастап үйреніңіз. Бұл қиын емес нәрсе, бірақ соны істемейміз. Мысалы, төсегіңді жинап тастау.

ҰБТ-ға дайындалуға 2 минут әдісін қалай қолданамыз? 2 минутта не үлгеруге болады?

Мысалы, тарихтан қандай тақырыптарға дайындалу керектігін жоспарлаңыз. 2 мин кетеді. Бір тақырыпты алып, шолып шығыңыз. 2 мин кетеді. Егер қалауыңыз ашылып, жалқаулық жойылып жатса, жарты сағат, бір сағат дайындала бересіз.