Оқушылардың шамамен 1%-ы ғана мамандықты өздері таңдайды. Ал қалған 99%-ында ата-ана баланың орнына шешім қабылдайды. Дұрыс шешім қабылдаса, әрине жақсы. Себебі ешкім баласын жаман болсын демейтіні анық. Алайда олар көбіне баласына мұғалім мен дәрігердің оқуын таңдатады. Әлемде 40 000-ға, ал Қазақстанда 7000-ға жуық мамандық бар екен. Сонда қалған 6998 мамандықты кім таңдайды?
Әке-шешең саған мамандық таңып берсе, онда олармен сөйлесу керек. Сөйлеспес бұрын өзіңе ұнаған мамандықты егжей-тегжейлі тексер. Сонда жұмыс істейтін мамандармен сөйлес. Бір саланың ішінде 100 түрлі мамандық болуы мүмкін. Бұл мамандық несімен артық екеніне дәлел келтір. Ата-анаң таңдаған мамандық сен үшін несімен ұнамсыз екенін айқында. Олардың пікірін де тыңда. Соңында екі жақ келісіп, бір шешімге келе аласыңдар.
Ал егер кім болғың келетінін білмесең:
- Психотипті анықтайтын тест тапсыр. Ол саған қай мамандықтар жаныңа жақын екенін тізіп береді.
- Психолог маманның көмегіне жүгін. Сенен қарапайым тест ала отырып, мықты жақтарыңды анықтап береді. Соған сай мамандықтарды айтады.
- Әртүрлі маман иелерімен жүздес. Бір күн жанында жүріп практикадан өт. Ұнай ма, ұнамай ма, көресің.
- Елін сүйер азамат болсаң, еліңе ауадай қажет мамандықты таңда. Соның жілігін шағып, майын ішкен маман болып, халыққа пайдаң тисін.

App Store
Google Play