Бәріміз де жақсы өмір сүргіміз келеді. Бақытты болғымыз келеді. Барлық армандарымызға жетіп, ата-анамызды қуантқымыз келеді. Бірақ ол үшін не істеу керек екенін білмейміз. Әттең, мектепте жетістікке жетудің формуласын жаттатпайды. Алайда, өмірді жақсы жаққа өзгертудің тікелей жолы бар. Ол – өзіңе дұрыс сұрақтар қою. Сондай сұрақтардың бірнешеуін бүгін қарастырамыз.
- Мен бүгін жаңадан не білдім? Адам күн сайын білімін арттырып, жаңа заттар үйреніп отыруы керек. Адамның миы жұмыс істеуге жаратылған.
- Мен осы жылы қандай жетістікке жеттім? Уақыт зымырып өтіп жатады, ал сен бір орында тұра бермексің бе? Жо-жоқ, олай болмайды.
- Алдағы 3 жылға басты 3 мақсатым қандай? Мақсаты жоқ адамның бағыты да болмайды, сәйкесінше, ешқайда жылжымай, бір орында қалып қояды.
- Мен кімге көмектесе аламын? Адамның күні адаммен демекші, басқаларға көмектесіп, жақсы іс жасап тұрғанның еш зияны жоқ.
- Мен үшін қай сала маңызды және неліктен? Бұл өзіңе қою керек сұрақтардың ең бастысы. Әсіресе мектеп бітірушілерге. Сен өміріңді қай саламен байланыстырғың келетінін білу керексің.
- Менің қандай мүмкіндіктерім бар? Мүмкіндіктеріңді дұрыс бағалай білсең, қай салада қандай жетістікке жете алатыныңды, қаншалықты биікке көтеріле алатыныңды да білетін боласың.
- Мақсатыма жету үшін мен бүгін не істей аламын? Осы сұраққа барынша шынайы жауап бер де, қазірден іске кіріс.

App Store
Google Play