Сабақты көп оқимын, ҰБТ-ға дайындаламын деп көздің көру сапасын нашарлатып алатындар көп. Ал көз өмірбақи керек зат. Ол арқылы ақпараттың 80%-ын қабылдаймыз. Ендеше оның саулығына көп көңіл бөлуіміз қажет.
- Егер қалалық жерде тұрсаң, тауға, далаға шығып тұр. Қаланың биік ғимараттары алысты көруге кедергі жасайды. Содан көз тек жақынды көруге бейімделіп қалады. Ал далаға шықсаң, 10 км-ге дейінгі қашықтықты көріп, жыбырлап жүрген қой не сиыр, жылқы екенін анықтауға мүмкіндік береді.
- Тамақ мәзіріңде көзге қуат беретін өнімдер жиі болуға тиіс. Мысалы, сәбіз, асқабақ, жұмыртқа, апельсин, құлпынай, скумбрия, миндаль, сарымсақ, пияз, жүзім, жаңғақ.
- Күн сайын көзге жаттығу жасау керек. Оның нұсқаулығын интернеттен көре салыңдар.
- Көзді оянғаннан ұйықтағанға дейін тынымсыз қолданамыз. Ара-арасында оған демалыс беру керек. Көзді жұмып, 3-5 минут демалдыру қажет.
- Оқитын жеріңде жарықтың мол болуына мән бер.
- Кітап оқитын, дәптерге жазатын жерде жарық сол жағыңнан түсуі керек.
- Компьютердің алдында ұзақ отырма. Отырған кезде көзді жиі жыпылықтатып тұру керек. Экранның жарығын тым өткір қылма. Экрандағы жазу тым ұсақ болмауы керек.
- Түнде смартфон, теледидар қарауды азайту керек.
- Көзге қоқым түсетін, зақым келетін жерлерде арнайы көзілдірік киіп жүру керек. Мысалы, құрылыс алаңдары. Осы кеңестерді орындасаң, көзің ұзақ қызмет етеді.

App Store
Google Play